Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау, құрғырлар.
Абай
Пролог орнына
Әңгіме сүйіспеншілік жайына ауысты. Қазіргі әдебиетте махаббат туралы қалай жазу керектігі сөз болды.
- Тургенев былай деген екен, - деді әдебиет зерттеуші, - «Емен - ең берік ағаш. Оның беріктігін мынадан да білуге болады: өзге ағаштардың жапырағы күзде-ақ қурап, түсіп қалады; ал еменнің жапырағы қыста да бүлк етпейді, тек келесі көктемде - бұтақтарында жаңа, жас бүршіктер қылтиып, бас жарғанда ғана оларға орын босатып, жерге құлайды. Мықты жүректі мекендеген ескі махаббат та осыған ұқсайды - өшсе де орын бермей, қоламталанып жатып алады; оны жалынды жаңа махаббат қана тықсырып шыға алады».
- Ал, белгілі жазушы Пришвин өз күнделіктерінің бірінде былай деп жазыпты, - деді жазушы, - «Бүгінгі күннің тақырыбы - жеке адамға арналған махаббатты көпке деген сүйіспеншілікпен ұластыра білу, екінші сөзбен айтқанда: жеке адамды жақсы көре тұрып, көпті сүйе білудің жолын табу». Өте дұрыс айтылған. Бірақ осыны қалай көр-сетуге болады?
- Оны білмеймін, - деді журналист. - Мен сіздерге тек қана өз махаббатымның тарихын айтып берейін.
- Айтыңыз, тілеуіңізді берсін.
- Ал, тыңдаңыздар онда.
I
– Мен оларды жақсы көрдім. Бірақ олар маған қарамады, - деп бастады Ербол әңгімесін. - Жалғыз қыз ғана жанымды ұқты, тек соны айтайын мен сізге. Сонымен, мен 1945 жылдын он төртінші ноябрі күні осы әсем астана Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдандым. Тарих-филология факультетінің деканы, батыр тұлғалы, кесек пішінді, жалпақ бетті, қысық көздеу келген орта жас мөлшеріндегі сабырлы кісі документтерімді байыппен қарап шықты да, бұрын пединституттың бірінші курсын бітіргендіктен, бірден екінші курсқа алынатынымды айтты. Мен содан бір сағат қана бұрын, астананың Совет көшесіндегі университет үйінің баспалдағына табанымды тіреп, жаңа ғана үзіліске шығып, дәлізді кернеп тұрған студенттердің арасынан өтіп, үйдің екінші қабатына көтерілгенде Алатаудың асқар шыңына шыққандай болып едім. Шыңнан шыңырауға қарағандағыдай басым айналыңқырап, буын-буыным дірілдей түскенін де аңғарғанмын. Енді міне, декан екінші курсқа қабылдандың дегенде өзім екі аяғыммен нық басып тұрған деканаттың едені жылжып, қозғала жөнелген сияқтанды. Мен деканат бөлмесінде емес, Алатаудың шың-құздарының үстінде, дүниенің төбесінде қалықтап ұшып бара жатқандай күй кештім.
Декан алдында, стол үстіндегі шыны астында жатқан сабақ кестесіне қарап отырды да:
— Сіздің курс қазір осы дәліздегі 33-аудиторияға жиналады.
Бес минуттан кейін сабақ басталады. Өзіңізді студентпін деп есептеп, курсыңызға барып отыра беруіңізге болады, - деді.Мен деканға рақмет айтып, бас идім де, есікке қарай бұрылдым.
Дәлізді қуалай жүріп келемін. Ұмытып қалмайын деп қайта-қайта ішімнен: «Отыз үшінші аудитория... отыз үшінші аудитория... » деп күбірлеп келемін. Міне, сыртында «31» деген жазуы бар есік тұр. Есігінің аңқайып, ашық қалғанына қарағанда аудитория бос тұрған тәрізді. Өзімді толық праволы студент деп сезінгендіктен бе, білмеймін, кенет оның ішін көргім келіп кетті. Бас сұқтым. Аудитория іші ат шаптырым дерлік кең екен. Еденнің оң жағы сахна тәріздендіріліп қойыпты. Оның төрінде - қабырғада қара тақта ілулі тұр. Сол жақта жыпырлаған биік парталар. «Әлде бұл клуб па екен? » деп ойладым одан шыға беріп. «Отыз үшінші аудитория... отыз үшінші аудитория... » деп күбірлеп, тағы ілгері аяңдадым.